14 наурыз — Көрісу мейрамы. Көрісу күнінде халық қыстан аман — есен шыққанына қуанып, бір — бірімен қол алысады. Таң сібірлеп атысымен, көрісу мерекесін асыға күтіп отырған әрбір отбасы алдын ала дайындалып қойған дастарханын жаяды. Міндетті түрде бауырсақ пісіріп, дастарханға тәтті — пәттісімен қосып үйіп қояды. Отбасының кішілері үлкендеріне қос қолын беріп, көрісіп шығады. Бір – біріне «Бір жасыңмен!» дейді. Ол «Бір жасқа есеюіңмен! Осы жылға аман — есен жетуіңмен!» дегенді білдіреді. Содан кейін әр отбасы көршілерімен көріседі. Жасы кіші отбасы мүшелері жасы үлкен жанұяларға кіріп, көрісіп шығады. Міндетті түрде әр адам үш үйдің есігін ашу керек, яғни түске дейін үш үйге кіріп, көрісіп үлгеруі керек. Бұл жоралғы жыл бойы балаларымыз тоқ жүрсін, дастарханымыз аралас болсын, қарым — қатынасымызға сызат түспесін деген ниеттен туған. 13.03.2021 ж. Тараз теміржол көлік және коммуникация колледжінде Кожагали Асель Нурдаулетқызының ұйымдастыруымен «Көрісу» мейрамы аталып өтті. Іс-шараның мақсаты: білімгерлерді қазағымыздың салт — дәстүрлерінің бірі «Көрісу» мерекесінің ерекшелігімен таныстыру және үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуге, сыйластыққа баулу.